English
Қазақ тілі
Русский
Войти
2. Экологияға байланысты әлемдік тенденциялармен танысу: нөлдік қалдық және 6R
Экологияға байланысты әлемдік тенденциялармен танысу: нөлдік қалдық және 6R

Автор: Биахметов Бауыржан Ақылбекұлы (bauyrzhanbiakhmetov@gmail.com)
Дүние жүзіндегі көптеген адамдар үшін қоқыс-қалдықтарды азайту немесе оларды дұрыс залалсыздандыру басты басымдыққа ие мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Алайда, жыл сайын шығарылатын қоқыс полигондарының, токсиндердің, парниктік газдар мен миллиондаған тонна қалдықтардың әсерінен ауаның, қоршаған ортаның ластануы біздің планетамыздың болашағына үлкен қауіп төндіруде. Біз болашақ ұрпаққа өзімізден кейін анағұрылым жасыл, тұрақты әлемді қалдырғымыз келсе, онда қайта өңдеу ісі – біздің өміріміздің ажырамас құрамдас бөлігі болуы керек. Жеке деңгейден корпоративтік деңгейге дейін, қоршаған орта үшін тиімді болатын қайта өңдеу шешімдерін қабылдау біздің міндетіміз болып табылады. Сіздер, берілген ақпарат арқылы дүниежүзіндегі жалпы жағдаймен таныс боласыздар. Қазіргі таңда тұрмыстық қоқысты тұрақты түрде залалсыздандыру ісінде Еуропа елдері жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Осыған байланысты, берілген еңбекте Еуропа елдеріндегі тұрмыстық қоқыс қалдықтарын басқару жүйесі таныстырылып, артынша еліміздегі қазіргі қоқыс қалдықтарын басқару жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері сипатталады.

Ағымдағы қайта өңдеу тәжірибесі мен қателіктерін жақсырақ түсіну үшін, бүкіл әлемдегі адамдардың жаһандық қалдықтар дағдарысын қалай басқаратынын қарастырайық. Жыл сайын, адамдар 2 миллиард тоннадан астам қалдық шығарады (The World Counts, 2021). Жылдам урбанизация мен халық санының өсуіне байланысты алдағы 30 жылда жаһандық қалдықтардың шығарылымы 3,4 миллиард тоннаға жетеді деп күтілуде. Шығарылатын қалдықтардың көлеміне, оның құрамына және оларды басқару әдісіне сүйене отырып жасалған болжам бойынша, 2016 жылы қатты қоқыс-қалдықтар 1,6 миллиард тонна көмірқышқыл газына (СО2) пара-пар парниктік газдар көлемі атмосфераға шығарылды. Бұл дегеніміз бүкіл әлем бойынша шағарылатын парникті газдардың 5%-ын құрайды. Бұндай жағдайдың басты себебі- қатты қоқыс қалдықтарды көбінесе орнықты емес жолмен ызалалсыздандырады. Яғни, 1-суретте сипатталғандай, қоқыстарды полигондарға шығару немесе жағу әлемде кең тараған әдіс болып табылады. Қоқыс-қалдықтарды басқару жүйесінде жақсартулар жасалмаса, қатты қалдықтармен байланысты шығарындылар 2050 жылға қарай жылына 2,38 миллиард тонна көмірқышқыл газына (СО2) пара-пар парниктік газдар көлемі дейін артады деп күтілуде.
1-сурет. Әлемдік қалдықтарды басқару, % (Kaza et al., 2018).
Қатты қоқыс-қалдықтардың ішінде, қоршаған ортаға ең көп зиян тигізетіні - пластикалық қоқыс. Пластмасса өзінің әмбебаптығы, беріктігі және бейімделгіштігінің арқасында арзан бағаланатын әрі кең қолданылатын материал болып табылады. 2019 жылдың өзінде ғана дүние жүзі бойынша, 368 миллион тонна пластмасса өндірілді (Plastics Europe, 2020). Қазіргі уақытта өндірілетін пластмассалардың жартысы бір рет қолданылатын өнімге жатса (Giacovelli, 2018), олардың тек 2%-ы ғана қайта өңдеу арқылы жабық циклды айналма экономикада пайдаланылады (Ellen MacArthur Foundation, 2016). Жалпы, пластмасса бұйымдарында қайта өңдеу белгісі пайда болғанына 40 жылдан астам уақыт өтті (Ellen MacArthur Foundation, 2016). Өткен ғасырдың ортасынан бері қарай пластмасса өндірісі 200 есе өсті (Geyer, 2020). Қазіргі
уақытта мұнайға жылдық сұраныстың шамамен 6%-ы пластикалық өндіріске жұмсалады, бұл 2050 жылға қарай 20%-ға жетеді деп күтілуде (Ellen MacArthur Foundation, 2016). Алайда, McKinsey компаниясының 2018 жылғы есебінде «пластиктерді қайта пайдалану және қайта өңдеу ісінің мұнай-химия және пластмасса секторындағы бизнес айналымы 60 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін» делінген.

Еуропа. Соңғы екі онжылдықта Еуропа елдері қоқыстың пайда болуын алдын- алу мен оларды қайта өңдеу ісіне көбірек көңіл бөлу арқылы, әртүрлі қоқыс қалдықтарының пайда болуын немесе оларды орнықты емес жолдармен залалсыздандыру мәселесінің күрт төмендеуіне қол жеткізген. Бұл орайда «қалдықтар иерархиясының» маңыздылығы жоғары, себебі ол қоршаған ортаны сақтауға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және ресурстарды тұйық айналма экономика ішінде сақтауға тырысады. Бұл нәтижеге қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу көрсеткішін
жоғарылату арқылы қол жеткізіліп отыр. Қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші Еуропа елдерінде тұрақты түрде өсіп келеді, бұл қалдықтарды ресурс ретінде көбірек пайдалану және айналмалы экономикаға қол жеткізу жолындағы прогрестің айқын көрінісі болып табылады. 2-суретте Еуропадағы әртүрлі қоқыс қалдықтарының орташа қайта өңделу көрсеткіші көрсетілген. Мысалы, орама және қаптама қоқыс қалдықтарының 66%-ы, сонымен қатар электр және электрондық қалдықтардың 39%-ы қайта өңдеуден өткен.

Жалпы алғанда, әлемнің басқа континенттерімен салыстырғанда Еуропадағы қоқыс-қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші айтарлықтай жоғары, дегенмен бұл әлі де пайда болған қалдықтар мөлшерінің жартысынан төмен болып отыр.
2-сурет. Еуропадағы қалдықтар түрі бойынша қайта өңдеу көрсеткіштері (European
Environment Agency).
Еуропаның тұрақты дамуының және айналма экономикаға қол жеткізуге бағытталған талпынысының негізгі драйвері - қоқыс қалдықтары көлемінің ұлғаюына қарамастан, қоқысты қайта өңдеу көрсеткішінің өсіміне қол жеткізу. Қоқыс қалдықтарының түріне байланысты әртүрлі заңнама құралдары қолданылады. Мысалы, «электрлік және электрондық жабдықтардың қалдықтары директивасы» электр және электрондық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу процестерін реттеуге бағытталған (Directive, 2012); «қалдықтарды реттеу жөніндегі директива» тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қайта пайдалануға дайындау мақсаттарын қамтиды (Directive, 2008, Union, 2018); сонымен бірге «орау және қаптама қалдықтары туралы директивалар» орама немесе қаптама қоқыс-қалдықтарын қайта өңдеу мақсаттарын анықтайды (Directive, 1994).

Еуропа елдеріндегі тұрмыстық қоқыс-қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіштерімен жақынырақ танысайық. 3-суретте, сіздер әр елдің 2004 және 2019 жылдардағы қоқысты қайта өңдеу көрсеткіштерін көрсеңіздер болады. Қарастырылған елдердің көпшілігі 2004 жылдан бастап тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіштерін айтарлықтай арттырды, бұл қалдықтарды басқару ісінің жақсарғанын анық көрсетеді. Дегенмен, қайта өңдеу деңгейі ең жоғары және ең төмен елдер арасындағы көрсеткіштердің айырмашылығы үлкен болып отыр. Германия, Словения, Аустрия, Нидерланды, Бельгия, Швейцария, Дания және Италия сияқты сегіз ел 50%-ға немесе одан да жоғары қайта өңдеу көрсеткіштеріне қол жеткізді, ал басқа алты ел тұрмыстық қалдықтардың 20%-дан аз мөлшерін ғана қайта өңдеді. Сонымен қатар, қайта өңдеу деңгейі салыстырмалы түрде төмен бірнеше елдер 2004 және 2019 жылдар аралығында аз көлемде ғана алға жылжуға қол жеткізді. Еуропалық одақтың бұл мүшелеріне қайта өңдеу көрсеткішін өсіруді ынталандыру жайлы нұсқаулар болды.
3-сурет. Еуропа елдеріндегі адам басына шаққандағы тұрмыстық қоқыс-қалдықтың
пайда болуы, кг/адам (2004-2014) (European Environment Agency).
Қазақстан. Өкінішке орай, біздің елде қоқыс-қалдықтарды орнықты басқару ісі дұрыс жолға қойылмаған, себебі қоқысты қайта өңдеу немесе қайта қолдануға арналған технологияларды қолдану кең таралмаған. Негізінен, Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтар ашық үйінділерге және олардың аз бөлігі инженерлік полигондарға шығарылады немесе көміледі (Inglezakis et al., 2014, Ministry of Environment and Water Resources, 2014). Үлкен қалалардан тыс жерлерде, әдетте, халықтың төрттен бір бөлігі ғана тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау қызметтеріне қол жеткізе алады, бұған қоса тұрмыстық қатты қалдықтардың 97%-ы қайта өңделмей, бақыланбайтын үйінділерге және рұқсат етілмеген полигондарға жіберіледі (Inglezakis et al., 2017). Экономикалық ынталандырудың жоқтығынан, еліміздегі қоқысты өңдейтін технологиялар мен инфрақұрылым қазіргі дүниежүзіндегі озық стандарттарға сәйкес келмейді және кейбір
стандарттар/талаптар бар болғанымен, мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігінен олардың орындалуы әлсіз дәрежеде (Inglezakis et al., 2017). Яғни, қайта өңдеудің жоқтығынан, қоқыс үйінділерде немесе полигондарда жиналып, қоршаған ортаны ластап жатыр деуге болады.

Елдегі жылдық қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі, шамамен, 5-6 миллион тоннаны құрайды, ал 2025 жылға қарай 8 миллион тоннаға жетуі мүмкін деген болжам бар (Bekturova, 2018, Official information resource of the Prime Minister of the Republic of Kazakhstan, June 10, 2020). Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мирзағалиевтің атқарылған жұмыстар туралы есебіне сәйкес, 2019 жылы Қазақстанда жиналған қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 125 млн тоннаны құрады (Official information resource of the Prime Minister of the Republic of Kazakhstan, June 10, 2020). 2013 жылғы есепке сәйкес, елімізде 4530 қалалық қоқыс полигонының 93%-дан астамы заңсыз болып табылады және рұқсат етілген 307 қоқыс шығару нысанының ішінде, Нұр-Сұлтан қаласындағысы ғана халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланғаны хабарланды (Government of the Republic of Kazakhstan, 2013). Ал қоршаған
ортаны қорғау мамандары қауымдастығының мәліметі бойынша, елімізде 3000 полигон
пайдаланылуда, олардың 18 %-ы, яғни 620 қоқыс полигоны санитарлық талаптарға сай келеді, қалған 82%-ы Қазақстандағы санитарлық талаптарға сай емес. Пайда болған тұрмыстық қоқыс қалдықтарының басым бөлігі осы полигондарға түседі, оған дәлел ретінде 4-суреттегі статистиканы келтіруге болады. Уақыт өте келе, қайта өңделетін тұрмыстық қоқыс қалдығының көлемі өскенімен, әлі де алдыңғы қатарлы қоқыс өңдеуші мемлекеттердің көрсеткіштерінен төмен болып отыр.
4-сурет. Еліміздегі тұрмыстық қоқыс қалдықтарының статистикасы (мың тонна)
(Partner, 2021).
Әдебиеттер тізімі
BEKTUROVA, A. 2018. Problems of Improvement of the Environmental Legislation of the Republic
of Kazakhstan in Terms of the Industrial and Household Waste Management.
DIRECTIVE, E. 1994. European Parliament and Council Directive 94/62/EC of 20 December 1994
on packaging and packaging waste. Official Journal of the European Communities, 10-23.
DIRECTIVE, E. 2008. Directive 2008/98/EC of the European Parliament and of the Council of 19
November 2008 on waste and repealing certain Directives. Official Journal of the European
Union L, 312.
DIRECTIVE, E. 2012. Directive 2012/19/EU of the European Parliament and of the Council of 4 July
2012 on waste electrical and electronic equipment, WEEE. Official Journal of the European
Union L, 197, 38-71.
ELLEN MACARTHUR FOUNDATION 2016. The New Plastics Economy: Rethinking the future of
plastics.
EUROPEAN ENVIRONMENT AGENCY Waste recycling in Europe.
GEYER, R. 2020. Production, use, and fate of synthetic polymers. Plastic Waste and Recycling.
Elsevier.
GIACOVELLI, C. 2018. Single-Use Plastics: A Roadmap for Sustainability (rev. 2).
GOVERNMENT OF THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN 2013. Concept for transition of the
Republic of Kazakhstan to Green Economy.
INGLEZAKIS, V., ROJAS-SOLORZANO, L., KIM, J., MOUSTAKAS, K., AITBEKOVA, A.,
ISMAILOVA, A., SHORAKYZY, G., KYSTAUOVA, A., ABIROV, A. & SERIKBAYEV,
N. 2014. Analysis of current situation in municipal waste management and implementation of
decision support software in Astana, Kazakhstan.
INGLEZAKIS, V. J., MOUSTAKAS, K., KHAMITOVAC, G., TOKMURZIN, D.,
RAKHMATULINA, R., SERIK, B., ABIKAK, Y. & POULOPOULOS, S. G. 2017.
Municipal solid waste management in Kazakhstan: Astana and Almaty case studies.
KAZA, S., YAO, L., BHADA-TATA, P. & VAN WOERDEN, F. 2018. What a waste 2.0: a global
snapshot of solid waste management to 2050, World Bank Publications.
MINISTRY OF ENVIRONMENT AND WATER RESOURCES 2014. The modernization program
of municipal solid waste management in the 2014 - 2050 years, Government Resolution
Republic of Kazakhstan, Republic of Kazakhstan, No 634.
OFFICIAL INFORMATION RESOURCE OF THE PRIME MINISTER OF THE REPUBLIC OF
KAZAKHSTAN June 10, 2020. Increase of the Waste Recycling Share and Promotion of the
Environmental Initiatives – M. Mirzagaliyev reported on the work done.
PARTNER, R. A. 2021. Effectiveness of Waste Management in Kazakhstan: New Environmental
Code “Quo vadis”.
PLASTICS EUROPE 2020. Plastics – the Facts 2020.
THE WORLD COUNTS 2021. A world of waste.
UNION, E. 2018. Directive (EU) 2018/851 of the European Parliament and of the Council of 30 May
2018 Amending Directive 2008/98/EC on Waste.
Made on
Tilda